Каржы сауда лексикасы соңғы
96 ТҮРКІ ҚАРЖЫ-САУДА ЛЕКСИКАСЫ Көне түркі жазба мұралары деректеріне жүгінер болсақ, оның Абайдағыдай о баста «бақыр ақша, мыс тиын» мәнінде ғана жұмсалғанын көреміз: Көне ұйғыр жазулы мұраларында бақыр «мыс ақша, тиын; ақша орнына қолданылған металл» (ДТС 82). Қарахан дәуірінің ең құнды жәдігері Диуани лұғатит түркте бақыр «Қытайда қолданылатын ақша; тиын түрі» деп берілген. Төмендегі мақалда айтылатыны жазылған: Бар бақыр, йоқ алтун «Бар тиын жоқ алтыннан жақсы» (Ercilasun, Akkoyunlu 2015: 571). Орта ғасырдан бастап оның «мыс» мағынасында жұмсала бастағанын көруге болады, мәселен тарихи қыпшақ мұраларында бақыр сөзі «мыс» (KTS 91) дегенді білдіреді. Қазіргі түркі тілдеріне келсек, көбіне «мыс, жез (немесе осы металдан жасалған шелек, ожау)» мәнінде айтылады. Негізінен, қыпшақ, қарлұқ, оғыз тілдерінде жұмсалады, көне «мыс тиын» мағынасының өзгергені де аңғарылады: Қырғыз т. бақыр «мыс, жез; шелек» (KРС I 102); ноғай т. бақыр «мыс, жез» (НРС 67); қарақалпақ т. бақыр «мыс» (КкРС 81); татар т. бақыр «мыс»: Бақырдан көмеш чықмас, бақырынып іш чықмас «Бақырдан күміс болмас, бақырып іс өнбес» (TатРС 74); башқұрт т. бақыр «қызыл түсті метал, мыс»: Бақырзы күпме йышһаң да алтун булмас «Бақырды қанша өндесең де алтын болмас» (БТҺ I 110); қарашай-балқар т. бағыр «мыс» (РКБС 267); құмық т. бағыр «мыс» (КумРС 40); қырым татар бақыр «мыс» (KTРС 344); қарайым т. бақыр / бағыр «мыс, жез, қола» (KРПС 96). Өзбек т. бақир (арх.) «қызыл мыс» (УРС 43); сары ұйғыр т. пақыр «мыс, жез»; пағача «сүт шелегі»; ұйғыр т. пақир «шелек» (YUTS 313). Түрік т. bakır «мыс, жез, қола» (ТурРС 91); түрікмен т. бақыр (арх.) «мыс» (ТРС 69); гагауз т. бакыр «жез шелек; мыс, жез» (ГРМС 70); әзербайжан т. пахыр «мыс тоты» (AзРС 243). Чуваш т. пахар «мыс» (ЧувРС 278). Сібір түркі тілдерінде бұл сөз кең таралмаған, мысалы алтай тілінде бакрас (бақыраш) «кішкене қазан» (АлтРС 100); телеуіт диал. пакрас «бақыраш» деген туынды тұлғасы ғана жұмсалады. Сондай- ақ, якут тілінде бағарах «сүт қайтуға арналған ожау түріндегі қазан» (ЯРС 58) формасы бақыр түбірімен байланысты.
Made with FlippingBook
RkJQdWJsaXNoZXIy ODEzMg==