Каржы сауда лексикасы соңғы
79 ТҮРКІ ҚАРЖЫ-САУДА ЛЕКСИКАСЫ Түрікмен, әзербайжан тілдерінде қызыл сөзі жеке қолданылып, «алтын» дегенді білдіреді. Мәселен, түрікмендер: «Ғызыл гөрсе Хыдыр азар» дейді, бұл біздіңше «Алтын көрсе періште жолдан таяр» дегенге саяды. Әзербайжан тілінде тіпті «алтын медаль» дегенді қызыл медаль деп айтып, алтын сөзі мүлдем қолданылмай, орнына қызыл сөзі жиі жұмсалады. Сары алтын «саф сары алтын». Сабыр түбі сары алтын (мақал). Қырғыз т. сары алтын «таза алтын» (КРС I 52). Башқұрт т. һары алтын: Cабыр төбө һары алтын «Сабыр түбі сары алтын» (БТҺ I 56). Самородный сары алтын «Абай тілінде қолданылған қоспасыз таза сары алтын; орыс тіліндегі «встречающийся в природе в химически чистом виде» деген мағынадағы самородный сөзі». «Самородный алтын» қарапайым рудада, құмнан немесе тау- тастардан табылған кәдімгі тастардан ерекше болып келетін тас деп білеміз. Самародный сары алтын, Саудасыз берсең, алмайды Саудыраған жезіне. Саудырсыз сары қамқаны Садаға кеткір сұрайды Самарқанның бөзіне (Абай 1961: 90). Орыс тіліндегі самородный сөзі Абай өлеңдері жинақтарында орысша қалпында беріліп жүр. Ал 1909 жылғы алғашқы араб жазулы Петербор жинағында самародной деп жазылғанын байқадық: Самародной сары алтын / Саудасыз берсең, алмайды / Саудыраған жезіне. Саудырсыз сары қамқаны / Садаға кеткір сұрайды / Самарқанның бөзіне (Абай 1909: 35). Саф/сап алтын «қоспасыз, сапасы жоғары, таза алтын». Башқұрт т. саф алтын «сап алтын» (БТҺ I 56). Түрікмен т. cап алтын: Сабыр соңы сап алтын «Сабыр түбі саф алтын» (ТРС 42). Таза алтын ұғымында ши алтын, шым алтын, шымқай алтын, шын алтын, шора алтын, ұрғашы алтын деген атаулардың кездесе тіні жазылған (Шойбеков 1993: 65).
Made with FlippingBook
RkJQdWJsaXNoZXIy ODEzMg==