Каржы сауда лексикасы соңғы

40 ТҮРКІ ҚАРЖЫ-САУДА ЛЕКСИКАСЫ Қазақ әдеби тілі сөздігінде келтірілген «қамыр илейтін жұқа жарғақ тері» мағынасын сыпыра сөзі де осымен байланысты: Келіншек қолын сабындап жуып жіберді де, өрешенің ішіндегі сыпыраны алып, қамыр илеуге кірісті (Б.Дәулетбаев, Парыз). Үсіптің үйінен тері сыпыраға ораған бір тостаған талқаннан басқа түк те табылмады (Ш.Мұртаза, Жұлдыз.) (ҚӘТС XIII 534). Ғалым Н.Оңдасынов та сыпыра сөзін арабша суфратун тұлғасымен байланыстырады: Араб т. суфратун , қазақша сыпыра 1) жол азығы; 2) дастарқан (тағам столы); жайма (ешкінің немесе қойдың иленген терісінен істелген жарғақ): Шомбал бітімді, өрім жігіттер: бастары дулығасыз, жай ақ сыпыра терімен таңып алған (Д.Досжанов) (Оңдасынов 2010: 137). Ол түркі тілдерінде төмендегідей нұсқаларында жазылады: Қырғызша супура «қой не ешкі терісінен иленіп жасалған қамыр астына жаятын жұқа тері дастарқан түріндегі жайма»: қудайдын супурасы (ауыс.) «жер» (КРС II 165); қарақалпақ т. сыпыра «қамыр илегенде астына жайып қоятын қой не ешкі терісінен жасалған жайма» (КкРС 605); ноғай т. сыпыра «үш тағанды аласа дөңгелек үстел»: сыпыраңыз тойға шықсын «ас беріп қонақ еткен үй иесіне айтылатын алғыс» (НРС 322); қарайым т. софра «тамақ үстелі, дастархан» (КРПС 480); қырым татар т. софра «ас дөңгелек үстелі, жозы»: софра қурмақ «дастархан жаю» (КТРС 515). Өзбек т. супра «ұн елегенде астына салатын тері жайма; дастархан» (УРС 402); ұйғыр т. супура «дастархан» (YUTS 366). Гагауз т. софра «үш аяқты дөңгелек үстел; тамақ, ауқат, түскі ас» (ГРМС 428); түрік т. sofra «дастархан»: Sofra görürsen yanaş, dayak görürsen dolaş «Дастархан көрсең жанас, таяқ көрсең айналып қаш» (ТурРС 782); түрікмен т. диал. супра «дастархан» (ТРС 594). Тас (Қарақ.) «байлық»: Дәулетсіздің басы сынар, дәулеттінің тасы сынар (мәтел) (ҚТАС 651). Бұл жерде тас деген сөз «бағалы тас» деген мағынадағы сөз болуы мүмкін. Екінші жағынан «асып-тасу» дегендегі тасу етістігінің ауыспалы мағынасына ие болған сөз де болуы ғажап емес. Сондай- ақ «ыдыс, шыны аяқ» семасындағы тас сөзімен байланыстылығы жоққа шығарылмайды.

RkJQdWJsaXNoZXIy ODEzMg==