Каржы сауда лексикасы соңғы

318 ТҮРКІ ҚАРЖЫ-САУДА ЛЕКСИКАСЫ «Түзіктік» сөзі ХХ ғасыр басында алаш зиялыларының еңбектерінде кездесетін жаңа қолданыс ретінде ғана сақталып қалды. Қазіргі әдеби тілде бұл сөз орнына араб тілінен енген «әділет» сөзі қолданылады. Түзіктік сөзі Ахмет Байтұрсынұлының «Маса» жинағына енген «Надонсоннан» атты аударма өлеңінде де қолданылады. Осы өлеңнің «Жазықсыз жанды қинап, қанды төгіп / Бұзықтық, түзіктікті таптағанға» деген жолдарындағы «түзіктік» сөзі де дәл осы мағынада қолданылған. Әдеби тілдегі «түзу» сөзі түзік деген көне тұлғасында да қолданылады. Шағатай жазба ескерткіштеріне тән бұл форма Абайда да кездеседі: «Тамам жұртқа бұзық болма, түзік бол деп жарлық шашып, жол салады екен. Түзікті бейіске шығарамын деп, бұзықты тозаққа саламын деп айта тұра, пендесінің біреуін жақсылыққа мейілдендіріп, біреуін жаманшылыққа мейілдендіріп, өзі құдайлық құдіретімен біреуін жақсылыққа бұрып, біреуін жаманшылыққа бұрып жіберіп тұрады екен» (28-қара сөз). «Түзік» формасы Шал ақында да кездеседі. Соған қарағанда бұл тұлға ертеден тілімізде қолданылып келген: Атадан мирас ақылың / Түзік айтқан мақұлың / Ләзім болған іспен тең. Ақындарда «түзік» деген сөз «дұрыс, түзу» деген мағынада қолданылған болса, Алаш қайраткерлерінің еңбектерінде кездесетін осы «түзік»-тен туындаған түзіктік термині «туралық, әділдік» мағынасында жұмсалады. Қолда бар мәліметтерді пайдалана отырып, ой түйіндер болсақ, түзіктік сөзін алғаш А.Байтұрсынұлы қолданған деуге негіз бар. Себебі, хронологиялық тұрғыдан қарар болсақ, А.Байтұрсынұлының «Маса» жинағы 1911 жылы Орынборда, ал Ә.Бөкейханның осы сөз қолданылған «Англия Еуропа соғысына неге кіріскен?» деп аталатын мақаласы 1914 жылы «Қазақ» газетінің № 79-санында жарық көрген. Демек, А.Байтұрсынұлы түзіктік» сөзін Қыр баласынан үш жыл бұрын қолданған болып шығады. А.Байтұрсынұлының шығармашылығымен жақсы таныс, онымен етене жақын, тығыз шығармашылық байланыста еңбек еткен Ә.Бөкейхан сенімді серік, үзеңгілес досы қолданған сөзді ұтымды жасалған атау ретінде танып, өз шығармашылығында пайдаланған дей аламыз.

RkJQdWJsaXNoZXIy ODEzMg==