Каржы сауда лексикасы соңғы
28 ТҮРКІ ҚАРЖЫ-САУДА ЛЕКСИКАСЫ Қазына тюркизм болса да оның төркіні араб тілінен келгені айтылады. Яғни хзн түбірінен шыққан хазина (т) « – خزينة қазына, қойма, асыл бұйымдар мен ақша сақталатын орын» деген сөзден енген. Бұл сөз орта парсы тіліндегі дәл сондай мағынадағы ganz / gazn / gazīnag тұлғаларынан алынған. Орта парсы сөзі көне парсы тіліндегі сол мағынадағы gaza / ganza- формаларынан өрбіген. Ал парсы тіліндегі нұсқасы түркі қаз - етістігімен түбірлес болуы мүмкін, өйткені қазына көп жағдайда қазылып табылады. Қазіргі түрік тілінде kazanç «пайда, табыс», kazan - «пайда табу, табысты болу, жеңу, олжаға кенелу» сөздері осы қазу етістігінен жасалғанын еске алсақ, қазудан «қазына» терминінің шығуы логикалық және семантикалық жағынан дұрыс секілді. Байлық «қоғамға және жеке адамға қатысты материалдық игіліктер мен рухани құндылықтарды білдіретін ұғым, ауқатты, дәулетті үстем тап өкілдерінің қолында жиналған барлық, мүлік, қазына» (ҚТТС). Түбірі бай «дәулетті, малы бар, ауқатты адам». Бұл сөз түркі тілдерінің бәрінде бар және алғашқыда «мал иесі, дәулетті кісі» дегенді білдірген. Бұл сөз туралы талдаулар бек және бай тараушаларында берілген. Байлық пен билік бір-бірімен тікелей байланысты қаралады, өйткені байдың фонетикалық нұсқалары «би, бек, бей» сөздері саналады. Демек, байлық бар жерде билік бар. Сондықтан «байлық» ұғымы билікке қатысты барлық лауазымдарды қамтиды. Тарихта байлық сөзінің ең көне нұсқасы Орхон жазба ескерткіштерінен табылған: Beglig ogluŋun kul kıldıg, işilik kız ogluŋun küŋ kıldıg «Бек (бай) болар ұлын құл қылдық, ханшайым болар қызын күң еттік». Абадандық (Қарақ.) «байлық» (ҚТАС 13). «Байлық» мағынасындағы абадандық сөзі қазақ әдеби тілінде қолданыламаса да, говорларда айтылады. Қазақ тіліндегі көнерген сөз абадан «бай, ауқатты» тұлғасымен байланысты (ҚӘТС I 30) деп есептейміз. Бұл сөз парсы тіліндегі «1. гүлденген, абаттандырылған, көркем 2. абырой, абыройлы, мәртебелі» мағынасындағы абадан сөзінен келген.
Made with FlippingBook
RkJQdWJsaXNoZXIy ODEzMg==