Каржы сауда лексикасы соңғы

278 ТҮРКІ ҚАРЖЫ-САУДА ЛЕКСИКАСЫ кейінірек «әскер ат көлігінің жемі үшін берілетін ақы», одан кейін «ақы» мәнінде де қолданылған. Мәселен, көне Анадолы түрік ескерткіші Деде Қорқут кітабында улуфе «атты сарбазға аты үшін төленетін жем ақшасы» мағынасында болса, одан кейінгі кезеңдегі Менинский сөздігінде «патша, сұлтан қызметіндегілердің айлығы» дегенді білдірген. Қазіргі түркі тілдерінің кейбірінде (ноғай мен құмықша) де «ақы» мәнінде жұмсалады: Ноғай т. алапа (көнерген сөз) «еңбек, жұмыс үшін төленетін ақы» (НРС 36). Құмық т. алапа «айлық, жалақы» (KumTS 9). Түрік т. ulufe «жалованье (содержание) янычара»; ulufeci «янычар, кавалерист» (ТурРС 880). Әзірбайжан тілінде алғашқы мәнінде сақталған: алаф «жемшөп, мал азығы» (АзРС 13). Мәмлүк қыпшақ ескерткіштерінде ‘ алеф «мал жемі» (KıpTS 7). Асық «пайда, табыс; үстемеақы, пайыз». Қазақ тіліндегі асар «көмек, жәрдем, бірлескен ортақ іс» сөзі осымен байланысты болуы мүмкін. Түркі жазба ескерткіштерінде тек асығ вариантында жұмсалған, қазіргі түркі тілдерінде кең қолданылмайды: Көне ұйғыр жазулы мұраларында асығ «пайда, табыс; пайыз, үстеме» (EUTS 22); асығ-тусу (қос сөз) «пайда»; асығлығ-тусуғлуғ «пайдалы» (ДТС 60). Диуани лұғатит түркте асығ «пайда; табыс»: Иш йарағында, сарт асығында (мақал) «Іс сайманында, сарт пайдасында».(ДЛТ I 62). Ортағасыр жазба мұраларынан (Хорезм дәуірі) Хұсрау мен Шырында асығ «пайда» (Наджип 1979: 199, 201); Құран тәпсірі кітабында асығ «пайда, олжа» (Боровков 1963: 61). Мәмлүк қыпшақ ескерткіштерінен Китабүл идрақта асығ «пайда, табыс» (Caferoğlu 1931: 6); Китабу межму тержуманда асығ «табыс, пайда, ұтыс» (Құрысжанов 1970: 87); Аттухфатуз закиеде асу «пайдалы, тиімді» (Atalay 1945: 269). Шағатай жазба ескерткіштерінде асиқ/асығ «пайда, табыс» (Радлов I 541; Боровков 1961: 63); Сүлейман Ефендинің сөздігінде асығ «пайда; сауда» (Süleym.13).

RkJQdWJsaXNoZXIy ODEzMg==