Каржы сауда лексикасы соңғы

23 ТҮРКІ ҚАРЖЫ-САУДА ЛЕКСИКАСЫ «ҚАЗЫНА», «БАЙЛЫҚ» МАҒЫНАСЫНДАҒЫ СӨЗДЕР Ағы «бағалы тастар, қымбат қазыналар, жібек; мүлік, дүние, байлық». Aғы сөзі көне түркі тілінде «қымбат нәрсе, асыл зат, қазына» мағынасын білдірген. Күлтегін ескерткішінің оңтүстік бетінде Табғач бодун сабы сүчиг, ағысы йымсақ армиш (Tekin 2003: 219) деген формада кездеседі. Жәдігердегі бұл сөйлем «Қытай елінің сөзі тәтті, жібегі жұмсақ екен» деп аударылады. Көне ұйғыр жазулы мәтіндерінде ағы «байлық, қазына, дүние, мал, мүлік»; ағы-барым (қос сөз) «сол мағ.» (EUTS 6). Бұл дәуірде осы сөзден туындаған ағычы термині болса «қазынашы» (EUTS 6) мағынасында қолданылған. Ағы сөзі және «-чы» қосымшасынан құралған ағычы тұлғасы көне ұйғыр құқық мәтіндерінде цангчы ағычы тіркесі түрінде келеді (USp.88,40). Малов оны «қазынашы (казначей)» деп аударған (USps. 260). Клапрот ағлықым цангим толзун «қоймам, қазынам толсын» тіркесіндегі цангтың қытайша «қазына» мағынадағы сөз екен ескертеді. Осылайша цангчы ағычы тіркесінің екі синоним сөзден құрылған қос сөз екенін аңғарамыз. Көне түркілер (ұйғыр кезеңі) бас қазынашыға ағысы улуғы (EUTS 6) деген. Көне ұйғыр жазулы мұраларында «ағы»-ға «-лық» қосымшасы жалғанып жасалған ағылық «алтын қоймасы, қазына орны» (EUTS 6) туынды формасы да қолданылған. Оның көне ұйғыр құқық мәтіндерінде ичгеру ағылық деген тіркес түрінде келуінен «сарайдың қоймасы, ішкі қазына» деген мағына беруге болады. Қарахан дәуірі жазба мұрасы Құтты білікте ағы «құнды заттар, асыл тастар; жібек матасы»: қазине узаса күмүш һем ағы «қазынада күміс пен асыл тастар көбейсін» (QB 74/12); йашыл көк сарығ ал ағы тон кедип «жасыл, көк, сары, қызыл жібекті көйлек киіп» (QB 166/2); ағы-жүз «жібек-баршын, жібек-қамқа» (QB 343/13); ағы-қазнақ «қазына қоймасы, асыл заттардың сақталатын орны» (QB 86/10); ағычы «қазынашы, қазына сақтаушы» (QB 244/10) (ДТС 17).

RkJQdWJsaXNoZXIy ODEzMg==