Каржы сауда лексикасы соңғы
232 ТҮРКІ ҚАРЖЫ-САУДА ЛЕКСИКАСЫ Түрікменше mämile тұлғасында ғана кездеседі. Ұйғырша: مۇئامىلە muamile «келісім, мәміле» және مۇئامىلەچى (muamilechi) «іс жүргізуші, келісімші» түрінде де бар. Өзбек т. муомала «қарым-қатынас, мәміле»; муомала қилиш «келісу». Татарша: мөгамәлә «қатынас, мәміле», мөгамәлә итү «жақсы қарым-қатынас жасау, мәміле жасау», мөгамәләче (сирек) «менеджер». Қырғызша мамиле «қарым-қатынас, мәміле», мамилечил «мәмі лешіл», мамилешүү «мәмілеме жасасу». Салакеш болу/салакештік істеу (ҚХР) «мал саудасында сатушы мен алушы арасында баға келістіруші, делдал болу» (ҚТАС 781). Таңғыт мал айдап қалаға барғанда қызық үшін салакеш болып айғайлап, сатысып жіберген кездері де болған (Ғ. Қан., Бүрқ.). Қытай қазақтарына ұйғырдан өтсе керек, сол тілде мұндай қолданыс бар: Ұйғырша салакәшлік қиліш (УРС 1961). Сондай-ақ оның түбірі сала сөзі жеке сөз тіркесінде кездеседі: Сала қилмақ «бағада келістіру, саудада татуластыру» (YUTS 338). Шіріңкенеші (Қарақ.) «делдал, сауда арасында жүретін кісі» (ҚТАС 782). Шіріңкеші «шіріңке алушы, делдал». Делдалдық деуге де келмей ме, қалай? Әйтеуір, Ахтиярдың қыр жұртында шіріңкеші атанғаны анық (Т.Әлімқұлов, Көкек айы, 35). Шіріңке ! Оны Бөрбек жобалап түсінеді. Шіріңкешінің қай заман да да болғанын, оның жолы жіңішке екенін Бөрбек білмейді. Білген күннің өзінде одан енді келер зиян жоқ. Ал пайда келуі мүмкін (Әлімқұлов, Алғырдың тамыры). Қазақ тілі мен говорларында сіріңке «делдалдың мал алушы мен сатушыны келістіріп, ортасынан алынатын ақша», шіріңке «саудаласушылардың арасында делдалдық жасағаны үшін алатын ақы» және шірінкене «сауда жасайтын адамдардың арасына кірісіп делдал болғаны үшін алатын ақша» деген формалар бар, бұлар жоғарыдағы туынды сөздердің түбірі. Тәжік тілінде ширинкома және өзбекше ширинкома деп айтылады. Төркіні туралы дерек сіріңке сөзі тараушасында жазылған.
Made with FlippingBook
RkJQdWJsaXNoZXIy ODEzMg==