Каржы сауда лексикасы соңғы

203 ТҮРКІ ҚАРЖЫ-САУДА ЛЕКСИКАСЫ Дәулет сөзі есім ретінде жиі қойылатындай, ол сөзден шыққан туынды тұлғалар да тілде жиі кездеседі, соның бірі дәулетті «әлді, қуатты, ауқатты, бай» (ҚТТС 194) синонимдес қолданысы бар. Арабша dawla(t) сөзі оғыз және қыпшақ тілдерінің бәріне дерлік енген, бірақ екі негізгі семасы сақталған, біріншісі, «мемлекет, билік», екіншісі «бақ, байлық, дәулет». Қазіргі түрік, әзербайжан, түрікмен, өзбек, ұйғыр тілдерінде негізінен «мемлекет» деген семада белсенді жұмсалады. Қырғыз, татар, башқұрт тілдерінде дәулет «байлық» мағына­ сына жақын: Қырғыз тілінде дөөлөттүү , қарақалпақ т. дәулетли , татар тілінде дәүләтле «ауқатты, бай, дәулетті». Қалтасы калың «қаражаты көп, ақшасы мол, бай» (ҚТТС 465). Қалта сөзі түркі тілдерінде ақша дорбасы деген мағынада кең таралған, мұнда «әмияны, ақша салғышы қалың» деген образды сипатынан сөз тіркесі «бай» деген ауыспалы мағынаға ауысқан. Қалта сөзінің ауыспалы мағынасынан туған тіркестер тілде жиі кездеседі қалтаға түсті; қалтасы жұқа; қалтасы қағылды; қалтасы құрғамады; қалтасына басты идиомалары және қалтасы қалыңмен мағыналас қалталы туынды сөзі бар. «Қалтасы қалың» тіркесіне жасалуы және семантикасы жағынан ұқсас формалар түркі тілдерінде бар: Қырғыз тілінде капчыгы калың , өзбекшеде cho‘ntagi qalin және cho‘ntakli odam , ұйғыр тілінде чөнтиқи толған немесе чөнтиқи қалин, түрікше cebi dolu, түрікмен т. jübi doly, әзербайжан тілінде cibi dolu немесе cibi qalın деп айтылады. Қаржылы «Қаржысы мол, бай» (ҚТТС 486). Парсы xarj «шығын, жұмсалатын ақша», арабша خرج xaraja «шығу, жұмсау» (етістік түбірі). Осыдан «шығын», «шығарылған ақша» мағынасы туған. Түркі тілдеріне «қаржы» тұлғасында енген кезде, сөздің мағынасы кеңейіп, жалпы ақшалай қаражат ұғымына айналған. Ал төл «-лы/-лі» жұрнағы жалғанғанда, «ақшасы бар, қаражаты мол» деген сындық мағына қалыптасқан.

RkJQdWJsaXNoZXIy ODEzMg==