Каржы сауда лексикасы соңғы
184 ТҮРКІ ҚАРЖЫ-САУДА ЛЕКСИКАСЫ ТҮРКІ ТІЛДЕРІНДЕ «БАЙ МЕН КЕДЕЙ» Қоңсы «бай ауылды сағалап қоңыстанған кедей ауыл; байларға жалданған кедей үйі; ауқатты адамдармен жанаса отырып, солардың қызметін істеп күн көретін адамдар, кедей ауыл, кірме, кедей көрші»: Қоңсы сөзін Ильминский «человек, живущий в чьем ауле под покровительством» деп көрсетсе, А.Старчевский де осыны қайталап береді. 1897 жылғы қазақша-орысша сөздік айқындаңқырап: қоңсы «рабочее семейство, расположившееся около богатого, которому работает» деп береді. Бұл мағыналары төмендегі қазақ мақал-мәтелдерінде де сақталған: Өзіңе өзің сақ бол, қоңсыңды ұры тұтпа (БС 69 2011: 302). Жаман адамға мал бітсе, жанына қоңсы қондырмас, қондырса да оңдырмас. Жаман атқа жал бітсе, жанына торсық байлатпас, жаман кісіге мал бітсе, жанына қоңсы қондырмас (БС 65 2010: 59). Отты шұлаған өшірер, қоңсыны шұқылаған көшірер (БС 65 2010: 48). Отты түртсең, өшірерсің, қоңсыны кеулесең, көшірерсің (БС 69 2011: 225). Базар жыраудың өлеңінен де жоғарыдағы мағына аңғарылады: Ханның бағы таярда - Дұшпаны сырттан көбейіп, Жаны ашыр досы аз қалар; Бидің бағы таярда – Үлгілі сөзден айырылып, Әркімнің мінін қазбалар; Байдың бағы таярда – Танабын құдай тарылтып, Қасынан қоңсы қозғалар (Базар жырау). Мағжан Жұмабаевта да солай: Сусынын сумен қандырған, Білегін тегін талдырған, Құлдай болған қоңсы бар (Мағжан ақын).
Made with FlippingBook
RkJQdWJsaXNoZXIy ODEzMg==