Каржы сауда лексикасы соңғы

44 ТҮРКІ ҚАРЖЫ-САУДА ЛЕКСИКАСЫ «ҚОР, КАПИТАЛ» МАҒЫНАСЫНДАҒЫ СӨЗДЕР Қор «қаржы, ақша, мүлік қоры, капитал; белгілі бір мақсат үшін жиналган ақша қаражаты, дүние-мүлік; мол жиналған қазына, байлық». Қазіргі кезде қор сөзі көбіне ұлттық қор , зейнетақы қоры , «Самұрық қазына» әл-ауқат қоры , қайырымдылық қоры , ішкі қор, қор биржасы секілді ресми қолданыстарда айтылады. Сонда осы тіркестерге қарап оның орысша «фонд» деген мағынасы аңғары­ лады. Cөздің бұл мағынасы – «жиналған ақша, капитал, сақталатын қаражат, қаржы, байлық» деген ұғымдарды қамтиды. Осыдан келіп «Қордың түпкі, ең көне мағынасы осы ма?» деген заңды сұрақ туады. Өйткені ол терминнің қазіргі «жиналған немесе жиналатын қаражат» деген белсенді мағынасы негізгі емес, ауыспалы екінші, үшінші мағыналары болса керек. Қазіргі тілде соңғы мағыналары қолданылғандықтан, қор сөзінің бастапқы семантикасы ұмытылып барады. «Қор» сөзінің ең көне мағынасы – «ашытқы, ұйытқы». Ертеректе қазақ тілінде қордың тек екі мағынасы болған ол – «қымыз ашыт­ қысы» және «қызыл шоқ». Бұлардың екеуі де көшпелі мәдиениет дәстүрін жалғастырушылар сақтауға міндетті өте құнды дүниелер болған. Ақ қор болмаса ішетін сусын, ас болмай қалса, қызыл қор болмаса от, жылу болмайды. Сондықтан бұл екеуін қорып (қору дегеннің өзі осымен байланысты болса таңғалмаймыз) сақтаған. Сонда қор дегеніміз – «негіз», онсыз дастарханда өмір сүруге аса қажет сусын, шаңырақта жылу болмайды. Сондықтан оны қорып сақтайды. Осы мағынадан барып қазіргі «ақша қоры» деген туынды мағынасы пайда болды деп ойлаймыз. Қор сөзі ең алғаш ХІ ғасырдың құнды мұрасы Қарахан дәуірі жәдігері Махмұт Қашқаридың сөздігінде жазылған, онда да тек «қымыз ашытқысы» деген мағынасы тіркелген; ал қорлуқ деген туынды тұлғасы «ашытқы ыдысы» дегенді білдірген [1, 458]. Мәмлүк қыпшақ ескерткіштерінде де қорлуқ «ашытқыға арнал­ ған дорбаша» деген формасы сақталған (Izbudak 1936: 33). Қазіргі кейбір түркі тілдерінде ғана қазақ тіліндегідей екі мағына­ да жұмсалады. Мысалы: қырғыз т. кор «қымыз, боза ашытқысы; қор,

RkJQdWJsaXNoZXIy ODEzMg==