Каржы сауда лексикасы соңғы
337 ТҮРКІ ҚАРЖЫ-САУДА ЛЕКСИКАСЫ [ŋ] дыбысының нг-ға ауысуы; орыс тілінің табиғатына жат j[dʒ] дыбысының д, ждыбыстарының қосындысы түрінде берілуі (ағ. a [æ]>орыс т. [е]; ағ. w[w ]>орыс в; ng [ŋ]>нг; j[dʒ]>д+ж) т.б.). Ал осы кірме терминдердің барлығы дерлік қазақ тілінің сөздік қорына орыс тілінен дайын қалпында енгенін байқау қиындық тудырмайды, яғни термин қазақ тіліне енген кезде қазақ тілінің нормаларына сәйкес еш икемделіп, өзгерместен дәл орыс тіліндегідей қабылданып отырған. Осылайша, кірме терминдердің шығу тегі мен тілімізге қабылдану мәселесін қарастыру барысында қазақ тілінің қаржы, банк саласы терминдерінің басым көпшілігін ағылшын тілінен енген орыс терминологиясындағы терминдер құрайтындығы анықталды және олардың орфографиясы тілімізге дәл орыс тіліндегідей қабылданғандығы фонетикалық талдау негізінде көрсетілді. Тілімізге ағылшын тілі арқылы енген кірме терминдермен қатар, қаржы, банк саласының бірқатар кірме сөз тіркестері де қарастырылды. Жалпы қарастырған 69 сөз тіркесінің 18-нің, яғни 26%-ның қазақ тілінде баламасы бар (1-кесте). Қалған 51-і, яғни 74%-ы қазақ тіліне калька тәсілі арқылы енген (2-кесте). Бұл жерде ағылшын тіліндегі банк, қаржы саласы сөз тіркестерінің басым көпшілігі қазақ тіліне калька тәсілі арқылы енгенін, ал калькаланған сөз тіркестерінің барлығы дерлік тікелей ағылшын тілінен емес, орыс тілінің ағылшын тілінен калькалаған сөз тіркестерін қазақшаға калькалау арқылы жасалғанын баса айтқан жөн. Ғылым, технология дамыған сайын мемлекеттер арасындағы ғылыми-мәдени, экономикалық қарым-қатынастар да тығыз байланыста дамып, соған сәйкес тілдер арасындағы сөзалмасу, терминалмасу үдерісі де жалғаса бермек. Бұл – мәдениетаралық, тіларалық байланыстардың ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан дәстүрі. Мәселен, шығу тегі латын-грек, француз, ағылшын, неміс тілдерінің сөзі болып келетін көптеген қаржы-банк терминдері қазіргі үнді-еуропа, славян тілдерінде қолданылып жүр. Тілдер арасындағы өзара терминалмасу бұл табиғи процесс. Қазақ тілі де бұл табиғи үдерістен тыс қалмаған. Алайда, бұдан өзге тілдегі терминдердің бәрін өзгеріссіз қабылдай беру керек деген түсінік туындамауы тиіс. Әр тілде өз табиғатына лайық жаңа атаулар жасалуына да ешкім шек қоя алмайды.
Made with FlippingBook
RkJQdWJsaXNoZXIy ODEzMg==